Дін және вакцина

Соңғы кездері балаларына екпе салдыруға қарсы болып жүрген ата-аналардың саны жыл санап артып келеді. Осы жағдайды көпшілігі дінмен байланыстырып жүр. Сол себепті, екпе немесе вакцина деген кезде дін де әңгіме өзегіне айналатын болды.
Бүгінгі таңда, жергілікті жерлерде теолог, иммунолог және дәрігер мамандар тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстарына қарамастан, қоғамымызда вакцинадан бас тартушы ата-аналар саны көбейіп келеді. Ал, медицина саласындағы дәрігер мамандардың мәліметінше, екпеден бас тартудың себептері арасында жеке адамдардың діни көзқарастарында айтып жатады. Иә, біз зайырлы, көп ұлтты, көп дінді және діни сенім мен ар-ождан бостандығына құқық берілген мемлекетпіз. Діни сенім бостандығына құқық берілгеннен кейін, қоғамымызда ҚР заңдарына, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерге қарсылық білдіретін дәстүрлі емес (деструктивті) діни ағымдар пайда бола бастады. Қазіргі кезде, вакцинадан бас тартып, екпеге қарсы шығып жүргендердің басым көпшілігі дәстүрлі емес жат діни ағым өкілдері. Ал, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының преамбуласында аталған, халқымыздың рухани-мәдениетінің дамуында ерекше орын алатын, әрі қазақ пен славян ұлттарының дәстүрлі діні болып табылған ислам дінінің Ханафи құқықтық мектебі мен христиандық Православие бағытында «вакцинаға» қарсы ешқандай үкім айтылмаған.
Исламда сонау Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың кезінен бастап медицинаға айрықша көңіл бөлінген. Ислам діні бойынша, адамның өмірі – Алланың аманаты. Ал, бұл аманатқа қиянат жасауға дінімізде тыйым салынған. Сондықтан, денсаулыққа көңіл бөліп, салауатты өмір сүру керек. Бұған қоса, халқымыз да «Ауырып ем іздегінше ауырмайтын жолын ізде» демейме.
Сондықтан, екпені қабылдап, аурудың алдын алу да ислам дініне сай нәрсе. Бұдан, басқа жыл сайын қыжылық кезінде Сауд Арабияға басқа жағрапиядан, басқа климаттан келген адамдар 50-60 градус ыстықта ауру жұқтырып алмауы үшін вакцина салдырады. Яғни, нағыз мұсылман елі деп есептелетін Сауд Арабиясының өізінде вакцина жүргізіледі екен. Көріп тұрғанымыздай, «вакцина мұсылман дініне сәйкес келмейді» деп дау-дамай шығаруға ешқандай негіз жоқ.
Жалпы жекелеген түсіндіру жұмыстары барысында, екпе салдырудан бас тартып жүрген діндар ата-аналардың өздері екпе алуға қарсы болып отырған себептерін дінмен мүлде байланыстырмай отыр. Олардың екпеден бас тартуына интернет кеңістігінде түрлі форматтағы екпенің зиянын насихаттайтын ақпараттық материалдардың кеңінен таралуы ықпал етуде. Мәселен, проф. доктор В.Ждановтың екпеге қарсы келтірген медициналық тұжырымдары, whatsapp, Вконтакте және т.б желілер арқылы екпенің зияны мен бала денсаулығына кері әсері мазмұндалған 2-3 минуттық бейнероликтер мен аудиожазбалардың кеңінен таралуда. Осыған орай, интернет желісін тиімді пайдалана отырып, түрлі жалған ақпараттық материалдарға қарсы үгіт-насихаттық жұмыстарын күшейтуді қажет етуде.
Хромтау ауданы ішкі саясат
бөлімінің бас маманы, теолог Нұрсұлтан Жаншин