ХРОМТАУ АУДАНЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ХАҚЫНДА КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

Бүгін Хромтау ауданына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қайыржан Токушев, Ақтөбе облысы аймақтық кәсіподақтар бірлестігінің заңгері Селбай Қожықов, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин арнайы іс сапармен келді. Аудан әкімі Аманғали Бердалиннің қатысуымен Ақжар ауылдық округінің мәдениет үйінде ақжарлықтармен және Дөң тау-кен байыту комбинатының «Жастар» шахтасында жұмысшыларымен кездесулер өтті. Кездесу барысында сыбайлас жемқорлық жөнінде кеңінен түсіндіріліп, өмірден нақты мысалдар келтіріліп, сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөнінде, жең ұшынан жалғасып, жемқорлық жасағандарға заң алдында қолданылатын жазалар мен айыппұл көлемі хақында баяндалды. Халық көкейіндегі сауалдарға жауап беріліп, жемқорлық жолында жазаланған тұлғалар хақында бейнеролик көрсетілді. Кездесу соңы естелік суретке түсумен аяқталды.