РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ОРЫНБОР ОБЛЫСЫ ДОМБАР АУДАНЫНДА ӨТКЕН ХРОМТАУ АУДАНЫНЫҢ КҮНДЕРІ АЯСЫНДАҒЫ САЗДЫ БАҒДАРЛАМА

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ дәстүрлі шаруашылық байланыстарды сақтау мен ТМД елдерімен интеграциялану Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатының негізгі бағыты болды. Сөйтіп, 1992 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында дипломатиялық қатынастар орнады. Биыл аталмыш дипломатиялық қатынасқа 25 жыл толып отыр. Соған орай Ресей федерациясының Орынбор облысы Домбар ауданында өткен Хромтау ауданының күндері аясында Хромтау ауданының өнерпаздары халық назарына дәстүрлі әндер мен күйлерден сазды бағдарлама ұсынды. Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Бақытбек Зейнеловтың жетекшілігімен «Достық сазы» ұлттық аспаптар ансамблі, «Оксана» халық хоры және Хромтау ауданының талантты сахна жұлдыздары, Халықаралық, Республикалық байқаулардың жеңімпазы Медет Балжанов, Жазира Мырзахметова, Естай Утеулиев, Бибігүл Баймұратова, Жасұлан Хусаинов тағы басқа өнерпаздар өнерлерін паш етті. Дәстүрлі әндер мен күмбірлеген күй ырғағы жиналған жұртты рухани суарып, жандарын жадыратты. Шара соңында өз толқынысын жасырмаған ақсақал сахнаға шығып өнерпаздарға ақ ниеті мен ақ батасын берді.