АУДАН ӘКІМІ АМАНҒАЛИ БЕРДАЛИН КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫН АРАЛАП КӨРДІ

Күн жылынып, жердің тоңы жібіді. Қазір несібесін жерден көретін шаруалар жылдағы тіршілік қамына кірісіп кетті. Көктемгі дала жұмыстарын барынша қарқынмен жүргізуде. Шаруалардың мол өнімге қол жеткізуі үшін жұмыс қарқынды жүруі керек. Жасалып жатқан жұмыстары сапалы болса, төккен тердің еш кетпегені. Аудан басшысы Аманғали Бердалин Тассай, Табантал, Ақжар, Абай ауылдық округтеріне барып, көктемгі дала жұмыстарын өз көзімен көрді. Егіс алқаптарын аралаған аудан әкімі, шаруалардың техникалары мен тұқымдарының жеткілікті мөлшерде екендігіне назар аударып, тұқым сапасы мен жер ылғалын тексерді. Сондай-ақ, суармалы жерлерді арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Шаруалармен кездесу барысында аудан әкімі Аманғали Бердалин Ақтөбе облысы шаруаларға ең арзан жеңілдетілген жанар-жағармай беріп жатқандығын жеткізіп, үкіметтің шешіміне сәйкес тыңайтқыштардың 50 пайызы және элиталық тұқымға субсидия берілетіндігін тілге тиек етіп, шаруаларға жасалып жатқан жеңілдіктердің барлығы мемлекеттің беріп жатқан жәрдемі екендігін айтып, егіннің бітік шығуын тіледі.
- Ауыл шаруашылық құрылымдарының барлығы мемлекет назарында. «Ақжар-Агро» ЖШС-і, «Жантізер» шаруа қожалығы, «Алтын Дән и К» ЖШС-і бір-бірден себу комплексін жаңадан әкеліп жатыр. Егіс алқаптарында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың егіс көлемін ұлғайтуға берген тапсырмасының орындалып жатқандығы деп білемін, - деген аудан әкімі Аманғали Бердалин шаруаларға егіс егіп болғаннан кейін, жерді парға айдауға крісуді тапсырды.