БОЛАШАҚТА БОЙ КӨТЕРЕТІН СУ ҚОЙМАЛАРЫНЫҢ ОРЫНЫН АУДАН ӘКІМІ АМАНҒАЛИ БЕРДАЛИН КӨРУГЕ БАРДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан Республикасының халқына жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұсынысы бойынша 2017-2021 жылдары агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасына 600 млн. текше метр суды реттеп, 30 мың гектар суармалы жерлерді айналымға енгізетін 10 су қоймасын салу бойынша іс-шаралар енгізілген болатын. Сонымен қатар, келешекте 10 мың гектар жерді суару үшін судың жалпы көлемі 130 млн. текше метр болатын 22 шағын су қоймасын салу ұсынылған еді. Осыған орай аудан әкімі Аманғали Бердалин алдағы уақытта бой көтеретін 2 су қоймасының орынын көрді. Хромтау ауданында Ор өзенінің аумағында 2 су қоймасын құру жоспарлануда, біріншісі Қопа ауылдық округінде бой көтеретін «Жамбыл» су қоймасы, көлемі – 60,0 млн. шаршы метр, суару аумағы 5,0 мың гектарға жетеді. Екіншісі Көктөбе ауылдық округі аумағында салынатын «Көктерек» су қоймасы, көлемі – 188,7 млн. шаршы метр, суару алаңы 7,0 мың гектарды қамтиды. Суармалы шаруашылықтар санын арттырып, ауданды көкініспен қамтамасыз етуде су қоймаларының маңызы зор. Суды тиімді пайдалану үшін аудан басшысы Аманғали Бердалин ауылдық округтің әкімдері мен ауыл шаруашылық бөлімінің мамандарына көкініс егетін шаруашылықтардың санын арттырып, осы бағытта инвестиция тартуға тапсырма берді. Сондай-ақ, қыс айларында шарықтап кететін көкініс өнімдерінің бағасының тұрақты болуы, аудан халыққын арзан бағалы көкініспен қамтамасыз ету мақстында ауданға көкініс қоймасын салу жоспарлануда.