№ 7 «ЕРКЕТАЙ» БӨБЕКЖАЙ-БАЛАБАҚШАСЫНДА «ЖАС МАМАН-2017» БАЙҚАУЫ ӨТКІЗІЛДІ

№ 7 «Еркетай» бөбекжай-балабақшасында жас мамандар мектебінің жоспары аясында 10.05-.12.05.2017 аралығында «Үздік жас маман-2017» байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты – жас мамандардың біліктілігін, өз кәсібінің жан-жақты шебері екендігін сынау арқылы, оларды іскерлікке, мәдениеттілікке, өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарауға бар күш-жігерін жұмсауға баулу.
Байқау екі кезеңнен тұрады: І кезең (тур) –практикалық, бұл кезеңде жас мамандар өздерінің ашық ҰОҚ-ін және семинарға қатысып, өз жұмыстарын көрсетті.
ІІ кезең (тур) – шығармашылық, бұл кезеңде жас мамандар өздерінің шығармашылық шеберліктерін көрсетті.
Байқаудың шарты бойынша байқауға педагогикалық өтілі 5 айдан кем емес кез келген жас маман өз еркімен қатыса алады. Байқау 1 апта бойы өткізілді, оған әділ бағасын берер қазылар алқасы және ұйымдастырушылық комитеті құрылды. Қазылар алқасының құрамына балабақша меңгерушісі М.Т.Сарсенгалиева, әдіскер И.А.Джанадилова, тәрбиеші-тәлімгерлер Б.Дүйсенбина, Д.Ещанова, К.Мурзагулова, Т.Раймбаева, Ә.Исаева кірді.
Байқаудың бірінші кезеңінде жас мамандар бекітілген кестеге сәйкес ашық ҰОҚ-ін көрсетті. Сонымен қатар, «Баланы жеке бағыттап оқыту бойынша педагогикалық жағдаяттар» тақырыбында семинар ұйымдастырып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Байқаудың екінші кезеңінде қорытынды ретінде «Үздік жас маман-2017» байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқауда жас мамандарға өздерінің шығармашылық, кәсіби шеберліктерін барынша көрсетуге мүмкіндік берілді. Шарты бойынша сайыс 4 турдан тұрды: 1-ші «Мамандығым-мақтанышым» турында жас мамандар берілген 5-7 минут көлемінде өздерінің мамандықтары туралы мақтаныш ете отырып айту керек. Тәрбиешілердің кәсіби шеберліктерін көрсететін 2-ші тур сұрақ-жауап болды. Үшінші турда да жас мамандар түрлі педагогикалық жағдаяттарды шешіп, өз біліктіліктерін көрсете білді.Ең қызықты әрі тартымды тур «Өнерлінің өрісі кең» болды. Көрермендер жанып тұрған тәрбиешілердің өнеріне сүйсініп, тәнті болды.Тәрбиешіге қойылатын бірден бір талап-өнерлі болу десек, бұл турдан тәрбиешілер жаңылмай өтті, себебі жас мамандар шырқап ән де салды, мың бұрала биді де биледі,суретті де салды, әртіс те болды, өлеңді мәнерлеп те оқыды, тәрбиешіге қажетті өнердің барлық түрлерін меңгергендіктерін көрсете білді.
Байқаудың қорытындысы бойынша, бас жүлдеге Биржанова Үміт, І орынға Елеусизова Алтын, ІІ орынға Сәрсенбай Арайлым, ІІІ орынға Ахетова Айнамкөз бен Книсарина Жайнагүл ие болды. Үздік жас маманға лента тағылды, барлық қатысушы жас мамандар мақтау қағаздары және сыйлықтармен марапатталды.