«БАЛДӘУРЕН – 2017» БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ БАЙҚАУЫНАН ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

№3 Хромтау орта мектебінің мәжіліс залында Хромтау аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Балдәурен – 2017» балалар шығармашылығы байқауының іріктеу кезеңі өтті. Өскелең ұрпақты көркемдік және эстетикалық талғамға тәрбиелеу, олардың шығармашылықтарына жол ашып, дамытуды мақсат тұтқан байқауда балалар жас ерекшеліктеріне қарай бөлініп, эстрадалық, дәстүрлі, драмалық жанрлар және би бағыттары бойынша бақ сынады. Іріктеу кезеңге қатысушыларға әділ бағасын беріп, нағыз өнерпазды анықтауға аудандық мәдениет үйінің әншісі, сүймелдеуші Ғани Бейсенов, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Сейсен Айтжанов және аудандық мектептен тыс білім беру орталығының би үйірмесінің жетекшісі, педагог ұйымдастырушысы Айсәуле Жауымбаева төрелік етті. «Балдәурен – 2017» қортындысы бойынша жас ерекшеліктеріне қарай үздік шыққандар іріктеліп, облысқа жолдама алғандар: эстрадалық жанры бойынша Гүлім Серік, Ақерке Бақтыбай, Нұржауған Тельмен, Асылай Төлебай, дәстүрлі жанры бойынша Гаухар Зайткерей, Дильназ Анетова, драма жанры бойынша Аяжан Әбдіхалық, Әдемау Шыңғысова. Ал Некельтау ауылынан келген «Алтынай» би тобы мен Бөгетсай ауылынан келген «Кәусар» би тобы да үздіктер қатарына қосылып, жолдама иемденді.