Зейнетақы үш құдық

Кеңес одағы ыдыраған соң бұрынғы одақтас республикалардың ортақ зейнетақы жүйесі инерция бойынша тағы бірнеше жыл жұмыс істегені белгілі. Бұл ұрпақтар ынтымақтастығына, жауапкершілігіне негізделген жүйе болатын. Мұнда жұмыс істеуші халықтың ай сайынғы жалақысынан зейнетақы қорына салық ретінде жарналар аударылып тұрды. Ал жарналар ағымдағы зейнеткерлерге зейнетақы ретінде төленді. Қазақстан ТМД елдері ішінде алғашқылардың бірі болып зейнетақы жүйесіне реформа жүргізді. 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап ортақ зейнетақымен қатар жинақтаушы зейнетақы жүйесі іске қосылды. Оны қолға алуға елдегі демографиялық жағдай себеп болған еді.
Бүгінде Қазақстанның зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады:
1) Мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және жасына байланысты (еңбек өтіліне) ортақ зейнетақы;
2) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары;
3) Ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленетін төлемдер.
Үш деңгей бойынша зейнетақы төлемдерін төлеу тәртібін айқындау ҚР Үкіметіне жүктелген. Зейнетақы тағайындау және ортақ зейнетақы жүйесі бойынша зейнетақы төлемдерін белгілеуді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырады. Ал міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын төлеумен БЖЗҚ айналысады. Мұнда ай сайынғы төлемдер зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты белгіленеді.
Әрине, бұл үш деңгейдің әрбір құрамдауышының артықшылықтары да кемшілік жақтары да бар. Мысалы, ортақ зейнетақы жүйесінің артықшылығы: төлемдер ел бюджетінің мүмкіндігіне қарай, алдын ала белгіленген мөлшерде жүзеге асырылады. Алайда ол елдің демографиялық көрсеткіштеріне тәуелді болады. Қазір, халықтың қартаюы жалпы әлемдік құбылысқа айналып барады. Ал бұл, өз кезегінде жұмысқа қабілетті азаматтарға салынатын салық жүктемесінің ауырлауына және зейнеткерлік жасты тағы да ұлғайту қажеттігіне әкеп соғады.
Жинақтаушы құрамдауыш – демографиялық көрсеткіштерге тәуелсіз және ел бюджетіне салмақ салмайды (классикалық түрінде мемлекет тарапынан кепілдік берілмейді). Одан басқа, салымшылдарды болашағына қаражат жинауға ынталандырады, қаржылық жағынан тұрақты (қанша жинасаң – сонша аласың) және жинақ қорын құрады. Ал оны ел экономикасына инвестициялауға болады. Бұл жерде жинақтаушы құрамдауыш елдің экономикалық ахуалына, оның ішінде халықтың табысы мен еңбек өнімділігінің өсімі және басқа да факторларға, сондай-ақ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару нәтижесіне тәуелді.
Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан Республикасы- ның Заңына сәйкес БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды ҚР Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Елімізде шартты-жинақтаушы құрамдауышты 2020 жылдан бастап енгізу жоспарланған. Ол ортақ және жинақтаушы элементтерден құралған. Бұл әлеуметтік сипаттағы жүйе: мұнда байлардың жинақтарын кедейлерге қарай қайта бөлу көзделген. Бұл жерде жинақталған қаражат салымшының меншігі болып табылмайды және ол қайтыс болғанда немесе шетелге тұрақты тұруға кеткен жағдайда оның жинағы басқа салымшылар арасында қайта бөлінеді.
Атап өтілген құрамдауыштардың барлығы өзара тығыз байланысты және бір-бірін толықтыра түседі. Олар түптеп келгенде зейнетақы мөлшерін өсіруге бағытталған. Сонымен қатар демографиялық және экономикалық ахуалдарға тәуелділікті азайтып, зейнетақы жүйесінің тұрақталуына септігін тигізеді.
Айта кетелік, қазіргі таңда көптеген әлем елдері зейнетақы жүйесінің әртараптандырылған моделін қалыптастыруға күш салып жатыр. Өйткені бұл модель бір құрамдауыштың кемшілік жақтарын басқа құрамдауыштың артықшылығымен өтеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстанның зейнетақы жүйесінің үш деңгейден тұратыны белгілі. Оның құрамындағы ортақ және жинақтаушы зейнетақы құрамдауыштары өзара оңтайлы үйлестірілген. Яғни, олар өзара тығыз байланысты және бір-бірін толықтыра түседі. Ал бұл, жиынтық зейнетақының жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.