ДЕРБІСӘЛІ БЕРКІНБАЕВТЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫН АЙМАҚ КӨЛЕМІНДЕ АТАП ӨТУДІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ АС БЕРУДЕН БАСТАЛДЫ

Хромтау өңірінің төлтумасы Дербісәлі Беркімбаевтың 180 жылдығын аймақ көлемінде атап өтудің алғашқы қадамы «Жарты патша» атанған Дербісәлі Беркімбаевтың туған жері Ойсылқарада ас беріп, Ойсылқара әулие мен баба рухына құран бағыштаудан бастау алды. Аталмыш шараға аудан басшысы Аманғали Бердалин, Ақтөбеден ат артып келген қонақтар мен Хромтаудың аузы дуалы ақсақалдары, абыз аналары, атқа мінер азаматтары және Хромтау аудандық орталық «Нұр» мештінің наиб имамы Марал Иманғалиев қатысты. Ойсылқара әулие мен баба рухына құран бағыштап, Ойсылқара әулие хақында әңгіме өрбітіп, Дербісәлі Беркімбаев жайында тың деректер айтқан үлкендер жағы жастар санасына бабаларының өшпес істерін айшықтап, көкіректеріне тәрбиелік мәні зор әңгімелер бедерлеп берді. Құран бағышталып құрбандыққа шалынған ірі қара еті түгелімен жағдайы төмен отбасыларына таратылды. Бұл шара қазақ тарихында өзіндік із қалдырған дара тұлға Дербісәлі Беркімбаевтың 180 жылдығын аймақ көлемінде атап өтуге арналған торқалы тойдың алғашқы баспалдағы еді.