АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ

Күздің алғашқы күнімен бірге келетін, мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер үшін мектеп қабырғасындағы алғашқы қоңырау үні тым ыстық. 1-қыркүйек Білім күнінде күллі Қазақстанда алғашқы қоңырау соғылады. Айтулы салтанатты жиын Хромтау ауданының барлық мектептерінде өтті. Аудан әкімдігінің өкілі ретінде аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандық бөлім басшылары Хромтау қаласы мен ауылдық округтерде өткен салтанатты жиндарға қатысып, жаңа оқу жылына оқушыларға жылы лебіздері мен ақ тілектерін білдірді. Ал аудан әкімі Аманғали Бердалин Никельтау, Тассай ауылдық округтерінде өткен салтанатты жиынға қатысса, Хромтау қаласының әкімі Асқар Нұртазин №2 Хромтау гимназиясының салтанатты жиынын қонағы болды. 2017-2018 оқу жылында оқушыларға сәттілік, ұстаздарға жемісті жұмыс тілеген аудан әкімі Аманғали Бердалин былай деді:
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев білім саласына үлкен мән беріп, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасауда. Жоғары оқу орындарына білім гранттарын бөлсе, арнайы кәсіптік білім беруде тегін оқыту жүйесін енгізді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы шет елдерде білім алу мәселесін де орнықты жолға қойды. Аудан көлемінде мемлекеттік бағдарламаға сәйкес биыл Дөң ауылында 600 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Ал 2018 жылы Хромтау қаласынан 600 орындық жаңа мектеп пен 100 орындық интернат салынбақ. Бұның өзі Хромтау ауданында үш ауысымды мектеп пен апаттық жағдайдағы мектептердің жоқтығының дәлелі. Сіздердің саналы тәрбие мен сапалы білім алып, ұстаздар мен ата-аналарыңыздың еңбектері мен үміттерін ақтап, болашақта еліміздің үлкен азаматы мен азаматшалары болуларыңызға тілектеспін!