ЕКПЕНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ МЕН ДІНИ САЛАДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Хромтау аудандық орталық аурухана мәжіліс залында және №4 Хромтау орта мектебінде дін жолындағы ата-аналармен кездесу ұйымдастырылып, екпенің маңыздылығы мен діни саладағы өзекті мәселелер төңірегінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Шараға арнайы облыстан шақыртылған Ақтөбе облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлдана Бакиева, «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының теолог маманы Мәди Орынбай, Ақтөбе қалалық №2 емхананың иммунолог дәрігері Лейла Нұржанова және Хромтау аудандық орталық ауруха бас дәрігері Жолдас Қамбаров пен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, теолог Нұрсұлтан Жаншин қатысты. Кездесу барысында ата-аналар облыстан келген мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, екпенің құрамына күмән келтіретіндігін айтса, ал кейбіреулері екпеден бас тарту себептерін дінмен мүлдем байланыстырмай отырғандықтарын жеткізді. Екпенің құрамына қатысты туындаған сауалға Ақтөбе қалалық №2 емхананың иммунолог дәрігері Лейла Нұржанова және Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев жауап беріп, екпенің маңыздылығын жан-жақты түсіндірсе, жаңа оқу жылының басталуына орай Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлдана Бакиева, «Аңсар» орталығының теолог маманы Мәди Орынбай және аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, теолог Нұрсұлтан Жаншин №4 Хромтау орта мектебінде дін жолындағы мектеп оқушыларының ата-аналарын және мектеп мұғалімдерін жеке қабылдап, ақпараттық кеңестер берді.