АУДАНДЫҚ ПРОБАЦИЯ БӨЛІМІ ҚЫЗМЕТІНДЕ ЕСЕПТЕ ТҰРҒАН АУДАН ЖАСТАРЫ ВОЛЕЙБОЛДАН ӨРНЕКТІ ОЙЫН КӨРСЕТТІ

Хромтау ауданы әкімі Аманғали Бердалиннің тапсырмасына сәйкес «Хромтау аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Хромтау тау-кен техникалық колледжінің спорт залында аудандық пробация бөлімі қызметінде есепте тұрған аудан жастары арасында волейболдан өрнекті ойын өтті. Жастар арасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын кеңінен насихаттап, жұмыссыз жастарды жұмысқа тарту және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізуді, аудан жастарының бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруды мақсат тұтқан шараға аудандық пробация қызметінде есепте тұрған 18 – 29 жас аралығындағы 33 жастың 12-сі қатысты. Аудандық пробация қызметінде есепте тұрған жастармен бірге инспектор капитан Асылбек Арыкбаев, инспектор аға лейтенант Айнур Болатпаева, инспектор аға лейтенант Алтын Акказиева, инспектор аға лейтенант Нуржан Өмірзаков ойнады. Өрнекті ойын көрсете білген жастар ойын соңында «Хромтау аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің атынан арнайы грамоталармен және медальдармен марапатталды.
Ойын жөнінде «Хромтау аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сәуле Есекенова:
– Аталмыш шараны ұйымдастыруға атсалысқан инспекторларға және спорт залмен қамтамасыз еткен, Хромтау ауданының бетке ұстар білім ошағы Хромтау тау-кен техникалық колледж ұжымына және басшысына, аудандық спорт бөліміне өз ризашылығымды білдіріп, алғыс айтам. Мұндай шараларды алдағы уақытта да жалғастыра береміз. Аудан әкімі тапсырмасына сай аудандық пробация қызметінде есепте тұрған жастармен жұмысты әліде жетілдіре түсеміз. Мұндай шаралар алда өз жалғасын табады, – деді.