ӨҢІРДЕ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН «ХАЛЫҚТЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ» ЖОБАСЫ ХРОМТАУ АУДАНЫНАН БАСТАЛДЫ

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы өткен дүйсенбіде Хромтау ауданынан басталды. Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» ауқымды жобасы алғаш рет 2016 жылы Ақтөбе облысында жүзеге асырылған еді. Аталмыш жобаны өңірде жалғастырған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы Хромтау ауданына 3 күндік жұмыс сапарымен келіп, Аймақ көлемінде жүзеге аысырылатын «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының І бағыты «Ауқымды түсіндіру жұмыстары және рухани сұрақтар» бойынша Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов аудан активінің жиналысына қатысып, 3 күндік жұмыс жоспарын айқындап алды. Жоспарға саай аудан тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің Бас имамы Төлеби Оспан бастаған топ құрамында «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев және ауданның бас имамы Алмат Әли де болды.
Хромтау тау-кен техникалық колледжінде «Діни рәсімдердің орындалу тәртібі» тақырыбында семинар өткізді. Семинарға аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыс әкімінің қоғамдық кеңесшісі, аудан және ауыл имамдары мен ақсақалдары, мешіт жамағаты қатысты. Семинарда діни рәсімдердің шариғат талаптарына сай орындалуы керектігі түсіндіріліп, діни басқарма тапсырысымен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы таныстырылып, сәуір айында қабылданған облысқа ортақ садақа мәзірінің жергілікті халыққа насихатталу барысы айтылып, тұрғындардың пікірлері тыңдалды. Сондай-ақ, Аудандық «Нұр» мешітінде барлық діни қызметкерлердің қатысуымен «Діни қызметті жетілдіру» атты семинар өтті. Өкіл имам өз баяндамасында халыққа ұсынылатын қызмет көрсету сапасына көңіл бөліп, мешітке келушілермен жақсы мәміле жасау керектігін баса айттып, діни қызметті жетілдіру үшін маманның діни білімі мен біліктілігі де соған сәйкес болу керектігін тілге тиек етті. Аудадағы сапар барысында жұмыс тобы қалалық №6 Хромтау гимназиясында аудандағы барлық білім беру ұйымдарының бапкерлерімен кездесіп, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдарын түсіндіріп берді. Сонымен қатар, Хромтау тау-кен техникалық колледжінде өткен ата-аналармен кездесуде жастарды діни радикализмнен қорғау мәселесі көтерілді. Әсіресе ата-аналарға ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің Бас имамы Төлеби Оспан бастаған топ құрамында «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев және «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының басшысы Жандәулет Сүлейменов жат ағымның зардаптарын, ұлт болашағына зияндылығын түсіндіріп, кеңінен айтып, дінге бет бұрушы жастардың сенімсіз дереккөздер, ғаламтор арқылы діни сауат ашуы қауіпті екендігін баса айтып, балалардың ата-ана бақылауында болуы керектігін ескертті. Шараға 140-қа жуық ата-ана қатысып, қажет ақпарат алды. Ал топ құрамындағы теолог Алтынбек Хусаинов және "Аңсар" ақпараттық-талдау орталығының қызметкері Мәди Орынбай Көктау, Көктөбе ауылдық округтерінде болып ауыл тұрғындарымен және Ақтөбе мыс комбинатының қызметкерлері, жұмысшыларымен кездесіп, дәстүрлі Ислам дінінің ерекшелігі жайында тұшымды уағыз-насихат айтып, ұлттық құндылықтарымыздың дәстүрлі дінмен сабақтастығы хақында кеңінен түсіндірді.
@ Хромтау ауданы әкімінің баспасөз қызметі #Хромтау – Акимат#