«ДІНИ КЕЛІСІМ – БІРЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

18 қазан – рухани келісім күні Тәуелсіз Қазақстанда 25-ші жыл атап өтілуде. Мыңжылдық тарихы бар дәстүрлерімізден қол үзіп қалмауымыз үшін Қазақстан Республикасының жүргізіп отырған саясаты жетістіктерге жетіп отырғаны анық. Осыған орай Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Діни келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында ауданға арнайы сапармен келген жұмыс тобы мүшелері: «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб-имамы, теолог Нұрлыбек Күзембаев және Жаңақоныс ауылының тарих және дінтану пәндерінің мұғалімі Жарас Әлиев шараның құрметті қонақтары болды. Дөңгелек үстелге «Хромтау аудандық ішкі саясат бөлімі» ММ-нің бас маманы, теолог Нұрсұлтан Жаншин, «Хромтау» газетінің бас редакторы Қуандық Реймов, «Хромтау аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Сәуле Есекенова, Хромтау аудандық білім бөлімінің әдіскері Айман Раева, аудандық әділет басқармасының басшысы Анар Мұхамбетжанова, аудандық сот қызметкері Айжамал Сүндетқызы, кітапхана қызметкері Мөлдір Мусиралиева және №4 ХОМ дінтану пәнінің мұғалімі Дулат Тұржан қатысты. Дөңгелек үстел Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұргүл Жолмұратқызының алғы сөзімен басталды. Шараны жандандырып, көркін кіргізген «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб-имамы, теолог Нұрлыбек Күзембаев қазақ жеріне келген ислам тарихы мен мәдениетін, дәстүрлі емес ағымдардың пайда болу тарихы және онымен күресу жолдары туралы пікірін ашып айтса, Жаңақоныс ауылының тарих және дінтану пәндерінің мұғалімі Жарас Әлиев дәстүрлі емес ағымдардың мемлекетке зияны, одан жас ұрпақты аулақ ұстау керектігі туралы пікірін жеткізді. «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында ауданға арнайы сапармен келген жұмыс тобы мүшелері мен қатысушылар арасында диалогтік байланыс орнап, қатысушылар көкейтесті сұрақтарына тұшымды жауаптар алды.
@ Хромтау ауданы әкімінің баспасөз қызметі #Хромтау – Акимат#