БАСТЫ НАЗАРДА – ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Аудан әкімінің орынбасары Сейітмағамбет Шілмановтың төрағалығымен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті. Соңғы уақытта қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып саналатын отбасы құндылығының құлдырауы жөнінде өткен отырыста Сейтмағамбет Қуандықұлы: – Біреуге – ана, біреуге – әпке, енді біреуге – қарындас немесе сүйікті жар болып жүрген әйелдер қауымы – біздің арымыз әрі барымыз! Анасын ардақтамайтын, сыйламайтын, жақсы көрмейтін адам баласы бұл жалғанда жоқ шығар?! Болуы да мүмкін емес. Отан – отбасынан басталатын болса, сол отбасының ұйытқысы осы әйелдер қауымы, – дей келе, комиссия мүшелерінің есептерін тыңдады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева: – Қыз баланы тәрбиелеудің басты мазмұнына сәйкес 24 білім беру ұйымында «Сыр мен сымбат», «Нәзік», «Сырласу», «Қыздар кеңесі», «Инабат» атты қыздар клубтары жоспарға сәйкес жұмыс жасауда. Клубтар құрамында 1946 қыз бала тіркелген. Мектептерде адамгершілік және жыныстық жағынан тәрбиелеу мен ерте жүктіліктің алдын алу шаралары бойынша әңгімелер, сауалнамалармен қатар, ата-аналар, медбике және мектеп инспекторы дәріс оқып тұрады, – деп жыл басынан бергі ауқымды шаралар мен міндеттерге тоқталып өтті. Ал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Елеутовтің айтуынша, ауданда 2016 жылы 333 неке тіркелсе, оның 124-і бұзылған. Ал 2017 жылы 361 неке есепке алынып, 113 жұп ажырасқан. Бөлім басшысы отбасы институтын ілгерілету, отбасылық құндылықтарды нығайту және ажырасу процестерінің алдын алу мақсатында ағымдағы жылы аудандық тарихи-өлкетану музейінің, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің және аудандық мәдениет үйінің жоспарларындағы іс-шаралармен таныстырды. Жиналыс барысында комиссия мүшелері аталған мәселелерді шешудің жолдарын талқылап, «Келін мен ене» клубын ашып, жедел желі ұйымдастыру, істері сотта қаралып жатқан отбасыларды татуластыру жұмыстарын жүргізу, жас отбасылар арасында семинарлар өткізу, сонымен қатар, жергілікті баспасөзде арнайы бет ұйымдастыру сынды пікірлерін білдірді. Әр салада қызмет жасап жүрген қызметкерлердің ортақ пікірі отбасы мәселесімен арнайы айналысатын үкіметтік емес ұйым құру турасында болды. Дегенмен, өздеріне жүктелген тапсырмаларды алған комиссия мүшелері алдағы болатын жиынға тыңғылықты дайын болатындарын жеткізді. Отырыс соңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңін өткізу туралы ішкі саясат бөлімінің ақпараты тыңдалып, байқауға қатысушылардың қатарын көбейту туралы айтылды. Нұртай Жетесов