ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ЖАРАҚТАНДЫРЫЛУЫ — 85 ПАЙЫЗ

Жолдас ҚАМБАРОВ, бас дәрігер:
ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ЖАРАҚТАНДЫРЫЛУЫ — 85 ПАЙЫЗ
Сырқатына ем, жанына дәру іздегендер дәрігердің көмегіне жүгінеді. Елімізде бірнеше жылдан бері маусым айының үшінші жексенбісі ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі ретінде аталып өтіп келеді. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Хромтау орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Жолдас Қамбаровпен әңгімелескен едік.
— Жолдас Бөлекұлы, ауданда сіз басшылық ететін саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
— Хромтау орталық аудандық ауруханасы — бұл 43 мыңнан асатын аудан тұрғындарына тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсететін заманауи емдеу мекемесі. Аурухананың басты принципі — халыққа қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету, әрбір емделушімен жеке дара тіл табысу. Хромтау орталық аудандық ауруханасында материалдық-техникалық базаны жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде аурухананың жарақтандырылуы — 85 пайыз. Мұнда жабдықтардың жұмысқа пайдаланылмай бос тұруына жол берілмейді.Бүгінгі таңда орталық аурухананың иелігінде жаңа медициналық құрал жабдықтар — рентген, ультрадыбысты аппараттар бар. Клиникалық, биохимиялық, бактериологиялық зертханалар, физиотерапиялық, функционалды диагностикалық бөлімшелер жұмыс істейді. Электрокардиографиялық, эндоскопиялық, рентгенологиялық, маммографиялық тексерулер жүргізіледі.
Операциялық залда эндобейнехирургиялық тағаны орнатылды. Емхананың емдеу-диагностикалық базасы көрсетілетін медициналық көмектің түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өткен жылы аудандық ауруханада 2 жаңа бөлімше ашылды: травматологиялық бөлімшеде травматологиялық потология сырқаттары емделеді, ал созылмалы бүйрек сырқаттарымен ауыратын ауруларды емдеу үшін тағайындалған гемодиализ бөлімшесі өз алдына жұмыс істейді. Гемодиализ бөлімшесінің ашылуына облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың өзі қатысты.
— Денсаулық сақтау саласында ана мен бала өміріне ерекше мән беріледі. Бүгінгі күні аудан ауруханасында ана мен бала өмірін сақтауда барлық қажеттіліктер қамтылған ба?
— Жүкті әйелдерге ерекше көңіл бөлінеді. Учаскелік акушеркалар мен учаскелік медбикелердің патронаждық жұмыстарын жақсарту есебінен акушерлік-гинекологиялық қызмет жұмысының көрсеткіштері ілгерілей түсті. Аналар мектебі ұйымдастырылып, жұмыс істеуде, онда жүкті әйелдермен сабақ жүргізіледі.
Патологияны ерте кезеңде анықтау және емдеу мақсатында қан айналымы жүйесі, суқараңғылық, қант диабеті, тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісік сырқаттары, жатыр мойыны және сүт безі қатерлі ісігі сырқаттарына белгілі бір жас бойынша топтардағы тұрғындарға скринингтік тексеру жүргізіледі. Жыл сайын скринингпен 13 мыңнан астам ересек тұрғын және 10 мың бала қамтылады.
Жүргізілген шаралар нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда, аудан тұрғындары денсаулығының негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды: тұрғындардың өлім-жітімі 14 пайызға төмендеді, балалар өлімі тұрғысынан төмендеу ағымы байқалуда.
— Облыста «Туған жерге тағзым» акциясының жүзеге асырылып жатқанына да аз уақыт болған жоқ. Бұл акцияға дәрігерлер қауымы қаншалықты үн қосты?
— «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданның емделушілеріне лапароскопиялық операциялар жасалды, сондай-ақ аудандық аурухана қызметкерлерінің күшімен Хромтау қаласында Денсаулық паркі іске қосылды.
Қазір елімізде цифрландыру саясаты үлкен басымдыққа ие. Сіз басшылық ететін құрылымда бұл шаруа қалай жүзеге асырылып жатыр?
Село тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында селоларда денсаулық сақтау нысандары — 4 медициналық пункт және 2 дәрігерлік амбулатория құрылыстары басталды. Осы жылы Ақжар дәрігерлік амбулаториясы, Дөң дәрігерлік амбулаториясы, Майтөбе медициналық пункті жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Абай, Табантал, Тассай селоларында медициналық пункттердің ғимараттары құрылысы аяқталуға жақын. Биыл тағы да денсаулық сақтаудың 3 нысаны — Сарсай, Аққұдық, Тасөткел селоларында медициналық пункттердің құрылысы жоспарлануда.
@ Хромтау ауданы әкімінің баспасөз қызметі