«СЫБАҒАДАН» СЫБАҒАСЫН АЛҒАН ШАРУАШЫЛЫҚ

Аққұдық ауылындағы «Кәусар» шаруа қожалығы мемлекеттен қолдау тауып, «Сыбағадан» сыбаға алған шаруашылық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы Жолдауында: «Аграрлық секторда етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға арналған теңдессіз жоба жүзеге асырылады. Мемлекет тарапынан бұл мақсатқа 130 миллиард теңге көлемінде несие қаражаты бөлінеді» деген еді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың аталған тапсырмасына сәйкес «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы ел аумағында жүзеге асырылды. Оны іске асыру шағын және орта кәсіпкерлікті еліміздегі етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға жұмылдырып, ірі қара мал өсіруде бәсекелестік пен инфрақұрылымды қалыптастыруды мақсат тұтады.
«Кәусар» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен етті бағыттағы ірі қара мал алып, соның арқасында шаруашылықтың қазығын қаққан. 2015 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан шаруашылық қазақтың ақ бас тұқымын өсірумен шұғылданады. Бастапқыда мембағдарламамен алынған қазақтың ақ бас тұқымды санаулы ірі қараны көбейтуге күш салынып, қазір олардың санын 100-ге жеткізген. Әлі де болса мал басын арттыруды қалайтын шаруашылық иелері қой өсіруде де қолға алмақшы.
Осылайша, Жолдау жүктеген міндеттердің нәтижесінде ауданымыздағы малдың санына қарағанда, сапасы артып, ет бағытындағы шаруашылықтардың қатары көбейіп келеді.
– Қазір шаруашылыққа тиесілі жайылым және шабындыққа арналған 1000 гектардай жер бар. Мемлекет қолдауымен пайызы аз несие арқылы ауыл шаруашылық техникаларын жаңарттық. Жаңа техникалар мал азығын дайындауда жұмыс күшін еселей түсті. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстарын аяқтадық, – дейді шаруа қожалығының басшысы Анарбек Дүйсен.
Нұрсұлтан ҚАЗИХАНҰЛЫ