ЖАЗЫҚ тұрғындарына көгілдір отын беріледі

Ақжар ауылдық округіне қарасты Жазық бекетіне газ тарту жұмыстары толық аяқталды. Қазір мұндағы 51 үйге көгілдір отын кіргізілді. Қалған үйлерде газ кіргізу жұмыстары жалғасуда. 290 тұрғыны бар шағын елді-мекеннің өткен жылы 29 отбасына жаңа жүйе арқылы жарық кіргізілген еді. Темір жол бойындағы бекеттің күн санап замана көшімен әл-ауқаты өсіп келеді. Мұндағы тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындары да жеткілікті. Оның үстіне өңір үшін маңызы зор май зауыты да осында бой көтерді.
– Ауылға газ беріледі дегенді естіп қуанып қалдым. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Жазыққа сапары кезінде ауылдың басты мәселесі ретінде көгілдір отын кіргізіп беруін өтінген болатынбыз. Сол өтінішіміз жерде қалмай, арманымыз жүзеге асуда. Газ берілсе, теміржол бойындағы бекеттің тұрмысы жаңа серпінге ие болары анық. Ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың арқасында ауылымыз гүлденіп келеді. Бұған дейін облыс әкімінің тапсырмасымен ауылға кіреберіс жолға қиыршықтас төселген болатын. Ауылдастарымның атынан осы игі істерге септігін тигізген атқамінер азаматтардың баршасына алғысымды білдіремін, – дейді ауыл тұрғыны Мырзагерей Тұрғалиев.
Жазық тұрғындарын көп күттірген көгілдір отын мәселесі оңтайлы шешімін тауып, ел қуаншына айналды.