Отан үшін от кешкен Василий Грецкий

Аудан басшысы Аманғали Бердалин Хромтау қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының куәсі Василий Грецкийдің үйіне арнайы барып, Жеңіс күні мерекесімен құттықтады.
Ұлы Отан соғысының басынан бастап, соңына дейін қатысып, Отан үшін от кешкен Василий Грецкий бүгінгі ұрпаққа тәрбие мектебі.
Әлі күнге тың ардагер Василий Грецкий қаланың абаттандыру жұмыстарын назардан тыс қалдырмайды. Мерекемен құттықтап барып, облыс әкімі атынан 300 000 сыйақы мен азық-түлік пен жеміс-жидек толы қоржын табыстаған аудан әкімі Аманғали Бердалинге қаладағы абаттандыру жұмыстарының көңіл көншіктіретінін айтып, алғысын білдірді.
Қалада көп қабатты үйде тұратын Василий Грецкий саябақта серуендегенді ұнатады.
Сонымен қатар, ұрпақ тəрбиесімен айналысудан да шет қалмаған ардагер білім ордаларындағы шараларға қатысып, оқушылармен сұхбаттасып, жастарды жақсылыққа баулудан жалыққан емес. Оқушылар да өз кезегінде ардагердің үйіне келіп, оның өмір жолымен танысып, Отан үшін еткен еңбегінен сабақ алады.Василий Грецкий жергілікті атқарушы билік өкілдері тарапынан көрсетілген көмектер үшін аудан тізгінін ұстаған азаматтарға алғысын айтып, батасын берді.