ТАБИҒАТ АЯСЫНДАҒЫ ТИМБИЛДИНГ

23- маусым еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі. Төл мерекені Қопа ауылдық округінде атап өткен мемлекеттік қызметкерлер табиғат аясында тимбилдингке қатысты. Қызметкерлер ортасында берік достық қарым-қатынасты, ұйымшылдықты арттыру, ұжым жұмысының тиімділігін арттыруды мақсат тұтқан тимбилдингтің өтуіне мұрындық болған  аудан әкімдігі аппаратының персоналдық қызметі бөлімі. Айта кетейік, мерекелік көңіл-күй сыйлап, қызметкерлерді бір серпілткен шара «Өзгерісті өзіңнен  баста» жобасы аясында аудандық кәсіподақтың демеушілігімен өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша ұйымшылдық негізі - мерекелік тимбилдинг ауданда осымен екінші рет өткізіліп отыр.
- Мұндай тимбилдинг ауданда екінші рет өткізіліп отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізілген шараға 70-ке жуық мемлекеттік қызметшілер жиналды. Мерекенің нақ осы жерде  өтуіне себеп – Ор бойында орналасқан Қопа ауылдық округінің тамаша табиғаты,- дейді Хромтау ауданы әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің басшысы Светлана Клюмова.
Шараның лайықты деңгейде өтуін қамтамасыз еткен ұйымдастырушылар мемлекеттік қызметкерлерді шығармашылық бағытта да сынап көруді жөн көрген. Персоналды басқару бірыңғай қызметі мен аудандық мәдениет бөлімі бірлесе «Бірге ән шырқайық» музыкалық конкурсын өткізіп, үздік әншіні анықтады. Аудандық  мәдениет үйінің кәсіби әншілерімен өнер көреткен мемлекеттік қызметкерлер өздерінің өнерден кенде емес екендіктерін дәлелдеген нағыз музыкалық сайыс болды. 
Бұрынғыдан өзгерек өткен шараға аудан әкімінің орынбасарлары, бірқатар бөлім, құрылымдық мекеме басшылары қатысты. Елеулі еңбек еткен мемлекеттік қызметкерлер кәсіби мерекеде лайықты құрметке бөленіп, алғыс хат, құрмет грамоталарымен марапатталды.