5 ҚЫРКҮЙЕК- ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ТІЛДЕРІ КҮНІ МЕРЕКЕСІ

Хромтау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен 5 қыркүйек күні Қазақстан халқы тілдері мерекесі және Халықаралық"Қазақ тілі" қоғамының 30 жылдығы аталып өтілді.  Мерекелік іс-шараға мемлекеттік мекемелердің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ұстаздар қауымы, БАҚ тілшілері, қала тұрғындары, студент жастар мен оқушылар қатысты.Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Меткүл Ораққызы құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырған бірқатар сала мамандарын арнайы аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Аудандық "Қазақ тілі" қоғамының төрайымы Мәриям Төреғалиқызы да ұйымның 30 жылдығы қарсаңында баяндама жасап,ауданның тілдік ахуалына тоқталды. Жиналған көрерменге мәдениет үйінің өнер шеберлерінің қатысуымен әзірленген концерттік бағдарлама ұсынылды.Айта кету керек, жыл сайын тойланатын бұл мереке - былтырғы жылдан бастап 5 қыркүйекке ауыстырылды. Бұл күн - "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл" деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады.@Хромтау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі