АЙМАҚ БАСШЫСЫ АУЫЛ ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

8-қыркүйек, жексенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауданға  келген жұмыс сапарында Қопа ауылдық округіне арнайы барып, ауыл тынысымен танысты. Алдымен өңір басшысы Қопа ауылдық округіне қарасты Тамды елді мекенінде орналасқан Краснооктябрь тораптық өндірістік басқармасының жұмысын қарап, алдағы жоспарларын тыңдады.
Сонымен қатар, әлеуметтік нысандардың жай-күйін көрмекке білім ордасына аялдаған аймақ басшысы мектепке спорттық жаттығу залы қажеттілігін айтқан аудан әкімінің ұсынысын тыңдап, келер жылы бюджеттен қаржыландырылуын тапсырды.
Өңір басшысы, сондай-ақ, Қопа ауылдық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Мұнда тұрғындар тарапынан мал жайылымы, шабындық жерлер, су, жол мәселелері көтерілді. Нәтижесінде облыс басшысы жер мәселесін тұрғындар игілігіне шешуді жүктеді. Қазіргі таңда ауылдық округте орталықтандырылған ауыз су жүргізіліп, барлық үйлерге кіргізіліп жатыр. Ал тас жол мәселесі де жақын арада оң шешімін табады.
Округтегі оңды істің бірі –  ісі өркендеп, 160 адамды жұмыспен қамтып отырған «Ақтөбе ет кластері» ЖШС жұмысымен танысуды жөн көрген аймақ басшысы, жұмысшыларға барынша жағдайдың жасалғандығына көз жеткізді. 
Мұнда 20 отбасыға арналған жатақхана және тұрғын үйлер бой көтерген. Уақытылы жалақы, тұрғылықты жермен қамтамасыз етіп отырған шаруашылық басшылығы алдағы уақытта тағы 20 отбасыға үй-жай тұрғызуды жоспарлап отыр.
@Хромтау - ақпарат
#Хромтауауданыныңəкімдігі #Хромтаускийрайонныйакимат