ҚОҚЫС ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ҚАЛА....

Қоқысты тазалауға құлықсыз! Күл-қоқыс уақытылы шығарылмайды! Кімге барып, кімге айтамыз! Қадағалау жоқ!  Қоқыс құрсауында қалған қала тұрғындарының жан-айқайы  осы.
Расында, күннің өзекті мәселесіне айналған күрмеуі  қиын түйткілдің шешімі бар ма? Бір шешімге келмекке 10 қыркүйек, сейсенбі күні аудандық қоғамдық кеңес мүшелері кеңескен жиынға  қала әкімі, ТҮКШ басшысының м.а., ПИК өкілдері және қала тұрғындары қатысты. 
Алдымен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а. Арман Сарбаев тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифінің жоспарланған бағасымен таныстырды. 
- Өздеріңізге белгілі, осы уақытқа дейін тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көмуге  нақты тариф бекітілмеген.  Тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығарумен айналысатын жауапты мекемелер өздеріне ыңғайлы бағаны қойып, жұмыс жүргізген. Ал бүгінгі күні нақты жоба даярланған. Жоба шешіміне сәйкес, күл-қоқысты жинауға көрсетілетін қызмет көп қабатты үй тұрғындарына тариф бағасы 209 теңге, ал жеке секторларға 220 теңгені құрайды,- дейді Арман Сарбаев.
Тарифтік баға әрине, қолжетімді болуы тиіс, десе де бізге уақытылы қоқыстың алынғаны керек. Апталап, тіпті айлап жататын қоқыстың сыйқы қала келбетін былай қойғанда, денсаулыққа да зиян емес пе?- дейді тұрғындар.
Жиынға қатысқан қала әкімі Сағындық Шабикбаев: - Қазір ERG компаниясымен келісім-шартқа отырдық.  Келісілген қаражатты аударып жатса, қоқыс жәшіктерінің барлығы еуроконтейнерлерге ауыстырылатын болады. Қоқыс тастайтын контейнерлер мен техниканың жетіспеушілігінен туындайды бұл мәселе, - дейді.
ПИК өкілдерінің сөзінше, тұрғындар да бұл мәселеде салғырттық танытады, ат төбеліндей тиынды жөнді тапсырмайтыны былай тұрсын, габаритті емес, құрылыс материалдары мен тұрмыстық техникаларды жəне жиһаздарды да қоқыс жәшіктеріне тастайтын көрінеді. Сондай-ақ, дүкен, мейрамхана сынды жеке меншік нысан иелеріне де айыппұл салынуы керек,- деп ашына жеткізді ПИК өкілдері. 
- Арнаулы мекемелер тек тұрмыстық қалдықтарды ғана шығарады. Габаритті емес қоқысқа 606 теңге көлеміндегі арнайы тариф бар. Негізі тұрғындар қоқыс алаңына өздері шығарулары тиіс,- дейді Арман Сарбаев.
Учаскелік полицейлердің тасада қалмай, бұл істе төбе көрсеткені жөн,- дейді жиынға қатысқандар.
Бірауыздан шығарылған шешім: Арнайы мониторингтік топ құрылып, контейнерлердің талапқа сай, жеткілікті мөлшерде орналасуы, төлемнен жалтарғандарға ескерту беру. Ең маңыздысы –  міндеттемелердің нақтылануы және келіскен түрде жұмыстану.
Тазалық өзіміз үшін!