«...ҚЫЛМЫС 43 ПАЙЫЗҒА АЗАЙДЫ»

Бұл туралы аудан әкімдігінде өткен құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында баяндалды. Аудан әкімі Нағымжан Алдияровтың төрағалығымен өткен жиында Хромтау ауданының полиция бөлімінің бастығы Мақсат Сапарғалиев қаладағы қылмыстылық өткен жылмен салыстырғанда 43 пайызға азайғанын айтты. - Жедел басқару орталығы көмегімен биыл 23 қылмыс ашылып, 2236 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жол-көлік оқиғасы бойынша 48 факті тіркелді. Қала ішілік жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін «йтеке би көшесіндегі бағдаршамның уақытына өзгеріс енгізуді ұсынамын, - деді Мақсат Сапарғалиев.
Сонымен қатар, аудан басшысы Нағымжан Алдияров қала ішілік жолдарға, сондай-ақ жөндеуден өткен Әуезов көшесіндегі тас жол бойына жол белгілері және жылдамдық бәсеңдеткіштерді орнатуды, ЖКО алдын алуға септігін тигізетін билбордтар орнатуды тапсырды. - Қала бойынша мектеп маңы және т.б. жерлерге 78 жол белгілері орнатылды. Қалалық бюджеттен 4 көше ішінара жарықтандырылды, аудандық бюджеттен қосымша 6 көше жарықтандырылады, - дейді қала әкімінің м.а. Сағындық Шабикбаев. «GPS ТРЕКЕРЛЕРІНІҢ ПАЙДАСЫ ЗОР»
Сондай-ақ, жиын барысында мал ұрлығының алдын алу үшін оңтайлы құрылғы – GPS трекерлерінің пайдасын жеке шаруа қожалықтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алу керектігі айтылды. GPS-трекерлер – малдың жүрген бағытын анықтауға арналған заманауи құрылғы. Ол малдың мойнына тағылатын қарғыға оңай бекітіліп, GPS спутникті дабыл арқылы малдың жүрген жерін анықтауға болады. Мұндай құрылғылар Қопа және Тасөткел ауылдық оругтерінде орнатылып, жаңа жүйенің игілігін көріп отыр. 
Бұдан өзге жиын барысында, пробация есебінде тұрғандарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік-құқықтық көмектер, қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар баяндалды.