АУДАН ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕБІ ТАСӨТКЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

Қазақстан Республикасы Президентінің "Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, Ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" 2016 жылғы 5 ақпандағы N190 Жарлығы негізінде аудан басшысы Нағымжан Алдияров тасөткелдіктермен кездесті.Есептік кездесуге облыстан арнайы келген өкіл Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы Әділ Қайырмеков, аудандық мәслихат хатшысы Дәурен Молдашев және бірқатар бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.Алдымен ауыл әкімі Асқар Сейтмағамбетов ауылдастарының алдында есеп берді.Ауылда 2019 жылы атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын жіпке тізіп, 2020 жылға қойылған міндеттемелер мен жоспарларын баяндады.Ауыл әкімі ауыл шаруашылығы басым бағыттардың бірі екенін атап айтып, одан бөлек ауылда шаштараз, наубайхана, монша, жолаушылар тасымалы қызметтерінің жұмыс жасайтындығын жеткізді.Ал, аудан басшысы Нағымжан Алдияров өз есебінде ауданның әлеуметтік -экономикалық көрсеткіштерінің жоғары екендігін айтып, өткен жылдың тасөткелдіктер үшін табысты болғанын, ауыз сумен қамтылғанын тілге тиек етіп, 2020 жылы тас жол төсеу жұмыстары толық аяқталып, көгілдір отынға қол жеткізудің нақты жоспарда екенін айтты.