АУДАН БАСШЫСЫ ERG КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ ЖАҢА ЖОБА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

8 ақпан күні аудан әкімі Нағымжан Алдияров Нұр-Сұлтан қаласынан келген Еуразиялық топ (ERG) компаниясының өкілдерін қабылдады.
Алдымен жаңа әлеуметтік жобаны қолға алып, таныстырғалы келген құрметті қонақтарға қош келдің айтып, өнімді іскерлік қатынастың нәтижесінде ауданда атқарылған жобаларға тоқталып, ERG компаниясына алғысын білдірді.
- Ақтөбе облысының әкімдігі мен ERG компаниясы арасындағы меморандум аясында өңірде өзекті мәселелер шешімін тауып отырады. Мәселен, 2019 жылы Хромтау қаласында бірнеше әлеуметтік жоба іске асырылып, қалаға қоқыс жинауға арналған заманауи арнайы техника, аудандық ауруханаға  компьютерлік томограф жеткізіліп, 14 жас дәрігерлерге көтерме ақы табыс етілді,- деді аудан әкімі Нағымжан Алдияров.
- Иә, ERG компаниясы 2018 жылдан бастап тұрғындар арасында қала ахуалын арттыру бағытында сауалнама жүргізіп, жергілікті атқарушы билікпен бірлесе халық сұранымына сай мәселені жүйелі шешіп келеді. Бұл жолы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын нәтижелі жүзеге асыруға бағытталған жаңа "Халықтық қатысу бюджеті" ("Инициативное бюджетирование") жобасын қолға алып жатырмыз. Нарықтағы ахуалды зерделеп, қала жағдайын жақсартуды көздейтін жобаны Қазақстанда алғаш рет Ақсу, Рудный, Хромтау аудандарында бастау үшін бұл салада 5 жылдан артық тәжірибесі бар Башқұртстан Республикасы Уфа қаласынан келген білікті мамандармен серіктестік орнаттық, - деп жеткізген Еуразиялық Топ әлеуметтік жобалар жөніндегі департаментінің әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі менеджер Нұрлан Кужаев жобаны ұйымдастырушы топ құрамымен таныстырды.
Жоба тікелей тұрғындардың қатысымен жүзеге асырылатынын жеткізген  жобалық тәжірибе кеңесшісі Нелли Розе жоба таныстырылымын жасап, атқарылар жұмыстарға тоқталса, Тель-Авив университеті достар ассоциациясының вице-президенті Сания Арапова екі жақты тығыз байланыстың, нәтижелі еңбектің маңыздылығына тоқталып, жоба аясында Ақтөбе қаласында жобалық кеңсе жұмысын бастайтынын жеткізді.
Башқұртстан азаматы, ғылыми кеңесші, жоба серіктесі Дмитрий Котов аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, қала әкімі және бірқатар бөлім басшылары алдында пилоттық жобаның жол картасын ұсынып, Хромтау қаласына шақталған әдістемелік жоспарды бірлесе құруды ұсынды.
Пилоттық режимде жүзеге асырылатын жоба аясында оқыту  наурыз айында басталмақ. Жаңа жобаға қызығушылық танытқан аудан әкімдігі бұл орайда іскерлік қатынастың жалғасын табатынын жеткізді.