Аудан әкімі Нағымжан Алдияров шұғыл жиын өткізді

15 наурыз, жексенбі күні аудан әкімі Нағымжан Алдияров  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жариялаған төтенше жағдайына байланысты  шұғыл жиын өткізді. 
Аудан әкімінің орынбасарлары, барлық мекеме және бөлім басшылары қатысқан жиында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету, алдын-алу шараларын күшейту мәселесі сөз болды. 
Әлемді шарлаған індеттің алдын алуда сақтық шараларын күшейту керектігін баса айтқан аудан басшысы,  артылған міндеттемелерге жауапкершілікпен қарауды тапсырды. 
Жиналыс барысында аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Индира Аяғанова ауданда эпидемиологиялық топ құрылғанын, жағдай тұрақты екенін айтты. Сондай-ақ,  барлық қоғамдық орындарда, мекемелерде  күніне 2-3 рет дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуге кеңес беріп, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Асхат Әлімжанов ауруханада оқшаулау орындары даярланғанын жеткізді. 
Аудан басшысы барлық қызметкерлердің сақтық шараларын орындап, осыған дейін білім беру ұйымдарында жүргізілген дезинфекциялау жұмыстарын халыққа қызмет көрсету орталықтарында және автобустарда жүргізуді , сондай-ақ, жолаушыларға қызмет көрсететін орындарды назардан тыс қалдырмауды тапсырды.
Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 
халық көп шоғырланатын ойын-сауық объектілерінің қызметі тоқтатылып, бұқаралық іс-шараларға тыйым салынады, ал алғашқы қажеттілікті өтейтін азық-түлік дүкендері жұмысын тоқтатпайды.